Өзіңді өзің іштей мүжіп, түнеріп,
түн ішінде жыларыңды білемін…
Жер бетінде жалғыз қалған адамдай,
Күрсінерсің, күрсінісіңде күн өліп…
Менің енді хал-жайымды сұрама,
Маңдайынан махаббаты құлаған,
біреумін…
у-у-фф… ұмыт дейсің…
ұмыт дейсің, селт етпей,
енді мені мазалама сұранам…
Жүрегімде мұң мертігіп бір күнде
жалғыз сөзден жараланып күлкім де…
Ерініңде тербетіліп тағдырым,
Ұмыт дейсің,
ұмытуым мүмкін бе?!
Біздің ғұмыр – періштелер күбірі.
Қарасаңшы жанарыма үңіліп…
Ұмытармын,
сағынармын үгіліп,
Тас жүрек боп кетем сосын түңіліп!
Бүгінгі түн – ең сорақы, азалы,
Ақын – тағдыр қатыгез жыр жазады.
…Біреу маған хат жазыпты «сүйем…» деп –
телефонның мазағы!
Жүрегімде бауыздадым бұл түнді,
(Өкінішім бос кеудемде бұлқынды).
…Жаратқанның мейіріндей көрінген,
Қалай сенің ұмытамын күлкіңді?!
Әуендер » Uncategorized » Бауыржан Қарағызұлы — Өзіңді өзің іштей мүжіп, түнеріп…
Бауыржан Қарағызұлы — Өзіңді өзің іштей мүжіп, түнеріп…
No Audio File Selected/Uploaded