Өмір бізге бір-ақ келер, көп келмес.
Ләззат лебі азаппенен өткелдес.
Шын махаббат, біле-білсең, шырайлым,
Үйлену мен, үй болумен шектелмес.
Қайырмасы
Сөнбе десең көңіліңнің күйі асыл,
Сүймегенге қалай оны қиясын.
Махаббат — ол қарлығашың емес пе,
Жүрегіңе салатұғын ұясын.
Ардағым-ау, айтқан сөзім ұнамай,
Көңіліңе алып жүрме күмән ой.
Махаббат — ол, көгершінің емес пе?
Көгершінді қорғамаған күнә ғой.
Қайырмасы.
Тағдыр бізге кей кездері тым қатал,
Күн орнына, көкірегіңде мұң жатар.
Махаббат — ол, ару аққу емес пе?
Ал аққуға оқ атуға кім батар?!
Сөзі И. Сапарбаев
Әні М. Ілиясов